Қар барысы – асқақ шыңды таудың иесі. Оның тұрқы сұлулық пен қуатты, шапшаңдық пен еркіндікті еске салып, көптеген аңыз-әңгімелерге арқау болып санамызға сіңді. Сондықтан да болар, барысқа қатысты құнды мұралардың барлығы терең мәнге ие және аңға деген халықтың ерекше құрметін айғақтап тұрады. Ежелден түркі ұлттары үшін барыс аспандағы құдіретті күштерінің жер бетіне жіберген киелі өкілі саналып, қадым замандардан бері әулет сақтаушысы, киесі бар аң ретінде дәріптеліп келді. Бабамыз да барыс жолықтырсақ, бақ-қуатты ғұмыр кешіп, бақытқа кенелеміз деп сенді. Бүгінгі күні де қар барысы тәуелсіз Қазақ елінің ұлттық ажарына айналып, қоғамдық маңызға ие болған. Қазір аңның ерекше бейнесі ұлтымыздың табиғи және мәдени мұрасын қорғап, бірегейлігін еске салып тұр.