"Қорамсапқа қол салып, қозы жаурын оқ алып" садақ тарту мәдениеті - күллі түркі жұртына тән киелі дәстүр. Аталмыш мәдениеттен сыр шерткен белгілі суретші Ералы Оспанұлының шығармасындағы сүрмерген - көздеген нысанынан қағыс кетпейтін дала жауынгері, қыран көзді қаһарман. Халқымыз қиян-кескі ұрыстарда садақшы жасақтардың құрамына ерекше мән берген. Оларды маңдай шептің алдына қойып, түменбасы сайлаған, төбесіне көтерген. Біздің ұлттық дүниетанымыздағы нағыз батыр - бес қаруы сай азамат. Бұл үдеден шыққан "Сүрмерген" туындысындағы алмас қылыш, болат қалқан, күміс дулығалы ер-азамат - ұлттың мақтаны. Себебі садақшы қашаннан да биік мәдениет пен дала заңына бас ұрған азамат.