Ғұмырлық жолдасымен өмір даңғылына қадам басуды көздеген қалыңдықтың көңіл толқынысы, жан тебіренісі, өскен өңір, туған үйінен жырақ кетіп, жаңа отаудың құтанасына айналуы - "Сыңсу" әнімен әуеде қалықтап, бақыт бекетіне жол тартады. Қазақ дәстүрінде әшекейлі сәукеле киіп, келін атану - қызғалдақ қыз-ғұмырдың ерекше нұрлы сатысы. Балалық бал-дәуренмен қош айтысып, өмір өткелінің келесі нүктесіндегі киелі "ошақ иесі" атандырар қастерлі құбылыс. Қалыңдықтың іңкәр сезімі, тұнық көңілі, отағасының айнымас серігіне айналып, әулет көрігі атануы - бар қазақ қызына тән абырой-мақтанды бір ортаға тоғыстырған басты міндет. Сөзсіз, қалыңдық - келешек ұрпақ анасы, ұлтымызды ұлылыққа жетелер алыптар тізбегінің туындыгері.
Панно танымал қазақ суретшісі Ералы Оспанұлының туындысы негізінде жасалған.